РГКП "КАЗАХСКАЯ БАЗА АВИАЦИОННОЙ ОХРАНЫ ЛЕСОВ И ОБСЛУЖИВАНИЯ ЛЕСНОГО ХОЗЯЙСТВА"
Обычная версия сайта
Ағымдағы жылдың 2 тамыз күні сағат 14:20-да Меркі ауданында дала өрті тұтанды. Өрт Меркі мемлекеттік орман қорының 3,4, 16, 17 кварталына қарасты жерлерде Аспара-Меркі орманшылығын қамтиды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 273 адам және 28 бірлік техника жұмылдырылды. Даладағы орман өртін сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» РМҚК су төгу құрылғысы бар 2 өрт сөндіру ұшағы, Жамбыл облысы төтенше жағдай департаментінің 1 тік ұшағы да қатысты. Осы белгісіз тұлғаның әрекетінен пайда болған дала өртіне «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Жамбыл авиациялық бөлімінің Мойынқұм ауданындағы 8 өрт сөндіруші десанттары және әуеден өрт сөндіретін АН-2 ұшағы 3 күн бойы лаулаған өртті сөндіруге белсене қатысты. Осы үш күнде өрт сөндіруші ұшақ өрт шалған аймаққа бір шашқанда 1,5 тонна суды 27 рет төкті. Өрт сөндірушілердің жанқиярлық еңбектерінің нәтижесінде 3 күн ішінде тілсіз жаудың кең далаға таралу қауіптілігіне тосқауыл қойылып, қалған екі күнде бықсып жанған аймақтағы өрт толық жойылды. Жаздың соңы мен күз айларында дала өрттері көп орын алады. Оның басты себебі – адамдардың далалы жерде, орманды алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтамауы салдарынан туындайды. Орман қоры аймағына кірген азаматтар жаққан оттарын толықтай өшірмейді. Қураған шөпке шеккен темекі тұқылдарын тастай салады. Кейбір жағдайларда тракторлардың мұржасынан шыққан ұшқын да өртке себеп болады. Аудан халқы заңды түрде Үкімет тарапынан сексеуіл отынын алуға тиым салса да отынды орман қоры жерінен алады. Ал сол отын өртке себеп болатын адамдардың өздеріне керек екенін естерінен шығармаса екен.
Бекзат БАЙШАЛОВ,
Жамбыл авиа тобының жетекшісі.
Мойынқұм таңы